02 Қыркүйек, 2022 NEWS
Фото: Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын 1 қыркүйекте бәріміз зер салып тыңдадық. Бұл Жолдауда білім саласына қатысты жоспарлар мен міндеттер айтылды. Атап айтқанда, «Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі», сонымен қатар «Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайызға дейінгі аралықта болады» деп көрсетілді.
Біз Қазақстанның оқу бағасы төмен және студенттерді әлеуметтік жағынан қолдау жағы да төмен елге жататынын білеміз. Қазақстандық жоғары оқу орындарының көпшілігінде оқу ақысын көтеру маңызды болып жатқаны белгілі, биылғы оқу жылында көпшілігі ақысын көтерді де. Өйткені, университеттік білім мен ғылымды жақсарту мақсатымен материалдық базаны жаңарту және жоғары квалификациялы оқытушыларды тарту қажеттігінен туындап отырғаны сөзсіз. Мемлекет үшін екінің бірін таңдау қажет. Біріншіден, жоғары оқу орнының бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін қаржыландыруды көтеру керек, оның ішінде оқытудың құнын көтеру арқылы, екіншіден, жоғары білімнің қолжетімдік саясаты тұрақты болу керек.
Зерттеулерге қарағанда жоғары білімді қаржыландыруға төрт жақ қатысады: мемлекет (салық төлеушілер), ата-аналар, студенттер және филантроптар. Алайда, мемлекеттік бюджет шектеулі болғандықтан және оқу бағасының өсуі студенттік білім беру несиелеріне деген сұраныс өсіп жатқаны дәлелденді, бұл студенттерге өздері дербес еңбекақы табатын уақытқа дейін университетке төлейтін қаражатының мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Қазақстан контексінде жоғары білім үшін мемлекет үштен бірін, үштен екісін ата-аналар төлеп жатқаны белгілі. Студенттер мен филантроптар мүлдем төлемейді немесе өте аз мөлшерде төлеп береді. Дегенмен де, студенттердің өзі несие көмегімен өздерінің жеке оқуын қаматамасыз етуге қолайлы жағдай жасаса маңызды болады. Біріншіден, мемлекеттік гранттар тек арнайы мамандықтарға ғана бөлінеді, сондықтан студент өз қабілетіне қарай ұнататын мамандықты таңдай алмайды, тек грант болғандықтан сол мамандыққа баруына мәжбүр болады. Екіншіден, гранттарды бөлу үшін салаларды айқындау тәжірибесі де мінсіз емес. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ОЭСР) эксперттері бұл фактіні қазіргі жүйенің әлсіз жақтарына жатқызады. Ал, мемлекеттік гранттың иегері оқу кезінде мамандығын өзгертуге құқы жоқ, өзгертсе, грантын жоғалтады. Білім несиелері студенттерге оқуы үшін өзі төлеуге мүмкіндік береді, нәтижесінде, өзінің қызығушылығы мен қабілетіне қарай мамандықты таңдауға жол ашады. Сонымен қатар оқу нәтижесіне деген жауапкершілігін сезінеді. Сондықтан Жолдауда студенттерге «2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие беруді» бекемдеуі құптарлық нәрсе әрі жастардың қызығушылығын арттырады деп білеміз.
Президент Жолдауда «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады», - деп көрсетуі әр азамат өз еңбегімен дамуға, қабілетін көрсетуге, таныс-тамырсыз өсуіне мемлекеттің мүмкіндік жасайтынын бекемдеді деп ойлаймыз. Демек, қатардағы қарапайым еңбек адамының да жұмысының жемісін көре алатыны бізді қуантатыны сөзсіз. Жолдауда «Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», - деп, бұл ойды одан әрі қорытындылады.
Біздің факультеттің ерекшелігіне қатысты Жолдауда «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды» деген тапсырмасы назар аударарлық деп санаймын.
Қазақстандағы ішкі және сыртқы миграция мәселесі жыл сайын өзекті болып келеді. ҚР әлемдегі еңбек мигранттарын қабылдау бойынша 9-шы орында екен. Қазақстанның әлемдегі территориялық орналасуының өзі әлемдік және аймақтық миграцияық үдерістерден шет қалуға мүмкіндік бермейді. Халықаралық және Қазақстандық сарапшылардың талдауы бойынша Қазақстан арзан жұмыс күшіне қарағанда сапалы, жоғары квалификациялы мамандарға мұқтаж екені белгілі.
Статистика бойынша шетел мамандарының саны жылдан-жылға өсіп келе жатқанын байқаймыз. Шетелдік жұмыс күшінің Қазақстандағы үлесі бойынша Түркия, Қытай, Ұлыбритания, Индия, Италия және Ресей мемлекеттері көшбасшы болып табылады.
Осы орайда Жолдауда Президент «Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек» деген сөздеріне құлақ асқанымыз жөн.
Іс жүзінде шетел азаматтарының, Қазақстан азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ лауазымды адамдардың республиканың көші-қон заңнамасын бұзу фактілері көптеп кездеседі. Заңсыз көші-қон проблемасы бүкіл әлем жұртшылығы үшін тұрақтылық пен қауіпсіздікке қатер төндіре отырып, әлемдегі жүріп жатқан үдерістер аясында барған сайын айқын көріністерге ие болуда. Бұл ретте Қазақстан заңсыз көші-қонның трансұлттық арналарының түйінді аралық буыны болып саналады, бұл бірінші кезекте республиканың тікелей Еуропа елдеріне барар жолда орналасқан ерекше географиялық жағдайымен, соңғы он жылдықта жаңа халықаралық әуе, темір жол рейстерінің ашылуымен, мемлекетаралық экономикалық, гуманитарлық, мәдени және діни алмасудың жан-жақты дамуымен, еліміздің мемлекеттік органдарының кейбір өкілдерінің жемқорлануымен, көшіп келуді бақылау жүйесінің жетілдірілмегендігіне, сондай-ақ шекараның айтарлықтай ұзақтығымен, ТМД елдерімен еркін жүріп-тұру тәртібінің сақталуымен байланысты.
Көшіп келу ағынының ел экономикасының дамуына, демографиялық ахуалына және көші-қон қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң ықпал етуі көп жағдайда бұл саладағы дер кезіндегі және дұрыс шешімдерді қабылдауға байланысты. Бұл саладағы негізгі міндеттер заңсыз көші-қонның жолын кесу жөніндегі шараларды күшейту ғана емес, сонымен бірге заңды еңбек көші-қонын ұлғайту және жұмыс істеп жүрген көшіп келушілерді заңдастыру болып табылады. Тұтас алғанда көші-қон процестері барысындағы адам құқықтарының ахуалын талдау жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың заңдылық пен адам құқықтарын бұзуының жеке фактілері кездесетінін көрсетіп отырғаны белгілі.
Қорыта айтқанда, Президент Қ.К. Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы өз атауына сай болды, әрі Президент өзі айтқан «тыңдайтын мемлекет» деген пайымдамасын одан әрі жалғастырғанын байқаймыз. Шын мәнісінде, біздің ел береке-бірліктегі қоғамды нығайту керек екенін бәріміз де жақсы түсінеміз.
Бегалиева А.К.
Әл-Фараби атындағы ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің
аға оқытушысы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір